Главная » Статьи » Мои статьи

Театр - тірі тарих
Тарихта ізі қалған дара тұлғалармен кездесудің киелі орны - театр сахнасы

«Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде - ұлт та ұлы бола алмайды».
                                                                                   Ғабит Мүсірепов 

      Әлемдік тарихта із қалдырған қазақ ұлы тағдырдың тәлкегімен туған жерінен ажырап, алыстағы Египетте билеуші болған -«Ақжайықтан бала болып кетіп, Дана болған кемеңгер баба» - Бейбарысқа арналған Рахымжан Отарбаевтың «Бейбарыс Сұлтан» екі актілі, төрт көріністі тарихи драмасы Астанадағы М.Горький атындағы академиялық орыс драма театрының ұжымының сахналауымен үздік шығарма мен творчестволық ұжым номинациясы бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығына ұсынылып отыр. 
      Қазақ драматургиясы саласында ерек¬ше, орны бөлек жазушы - Рахымжан Қасымғалиұлы Отарбаевтың кейінгі жылдары жазған «Мұстафа Шоқай» пьесасы Атырау, Қызылорда, Семей, «Сырым ба¬тыр» пьесасы Батыс Қазақстан, «Бейбарыс Сұлтан» пьесасы Атырау облыстық театрында және Астанадағы М. Горький атындағы академиялық драма театрларының репертуарында жүріп жатыр. «Абай сот», «Айна ғұмыр», «Нашақор жайлы новелла» пьесалары Қырғызстанның Біш¬кек, Ош, Ыстықкөл театрларында сах¬¬налануда. 
      Қазақта сонау жаугершілік замандардан қалған «қырық жыл қырғын болса да, ажалды өлер» деген, қайтпас қайсарлыққа тәрбиелейтін атадан қалған сөз бар. Тарихи деректер 1242 жылы монғолдар қыпшақ жерін жаулап алғаннан кейін бозбала Бейбарыс тұтқындалып, басқа да руластарымен бірге құлдыққа сатылып кеткендігін, түркі тілінде сөйлейтін жалдамалы әскерлер мұсылмандық Жерорта теңізі бойындағы елдердің әскерінің қомақты бөлігін құрағанын және олардың құны үлкен ақша тұратындығын жазады. Мәмлүктердің тарихы ІХ ғ. бірінші жартысынан басталады. Дешті-Қыпшақ жерінен әкелініп, құл базарларында сатылған 12-14 жастағы жасөспірімдер «мәмлүк» (араб сөзі) деп аталған, мағынасы «біреуге тиесілі», «құл». Олардан халифаларды қорғау мақсатында, сондай-ақ әскери-соғыс қимылдарын жүргізу үшін арнайы мәмлүк әскери топтары жасақталды. Жамақұлы Бейбарыс (1223-1277) – «Бастыны еңкейткен, тізеліні бүктірген» бек ұстанымды түрк баһадүрлерінің ұрпағы, Мамлүк мемлекетінің іргесін қалаған ең әйгілі билеушісі және көрнекті қолбасшысы, Египетті 17 жыл билеген. (1260-1277ж.ж). Шыққан тегі – қыпшақ. Соңғы зерттеулер Бейбарыстың қыпшақ тайпасының Беріш руынан шыққан атақты әулеттен екендігін анықтауға мүмкіндік берді. Араб елдерінің «Мың бір түнмен» қатар қоятын халық романы – «Бейбарыста» оның әкесі Жамақ, шешесі Әйек деп, олардың нақты есімдерін атап көрсеткен. 
      Сұлтан аз-Заһир Бейбарыс мемлекеттік жүйе мен әскерді нығайта отырып, Батыстан келген крестітағушылардың жорықтары мен Шығыстан моңғол шапқыншылығынан Таяу Шығыс аймағындағы мұсылман иеліктерін қорғауда үлкен жетістіктерге қол жеткізді. 
«Орыс сахна өнерінің сәуегейі» атанған актер, режиссер, театр өнерінің реформаторы һәм теоретигі Константин Сергеевич Станиславскийдің: «...театрда оттың жылтылы, қымбатты киім, әсіре декорация, әсерлі мизансценадан бұрын драматургтың идеясы маңызды. Пъесаның ақау тұстарын ештеңемен жаба алмайсыз. «Оқа тағып, зер салсаңыз да» пайда жоқ», - дегені бар. Театрға келген көрермен қойылымнан өзіндік сана деңгейінің қабылдауымен әсер алып, ой түйетіндігін ескерсек, абыз сахнадағы қойылым көзден, сөзі көңілден кетпейтіндігін меңзесе керек-ті.
      Қазақ драматургиясының жанрларын жүйелі түрде зерттеу мақсатында идеялық-эстетикалық ерекшеліктерін айқындап, жанрлық дамудың тенденцияларын ғалым Р.Нұрғали «Қазақ драматургиясының жанр жүйесі» атты екі томдық монографиясында егжей-тегжейлі зерттеген. «Әдебиеттің ерекше бір түрі – драматургия театрды нысана етеді, сахнаға қойылу үшін жазылады. Танымдық, тәрбиелік мәні бар, идеялық –эстетикалық әсері орасан күшті өнер – драматургия тағдырлар тоғысуы, характерлер қақтығысы, сезімдер шайқасын көрсетіп, аса қатал композиция талаптарын ескере отырып, ерекше көркемдік құрал – диалогтар мен монологтар арқылы болмыстық сан алуан шындықтарын ашады, өмір құбылыстарына баға береді, билік айтады», - деп жазады ғалым. (Р.Нұрғалиев. Арқау. 1 том. –Алматы: «Жазушы»1991. 8 бет) 
Әсілінде, жазушы Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығы туралы ой айтуда, жазуда бірнеше ауқымды мәселелерден хабардар болу керек деп ойлаймын. Біріншіден, жазушының шығармалары Р.Нұрғалиевша айтсақ, «пісірілген, жетілген, ширатылған» дүниелер. Басты «қаһарман» - Тарихи тұлға, айналасындағылар (бірінші, екінші пландағы, эпизодтағылар) «шашбау көтерушілер» емес, қарама-қайшылықты, мінезді кесек-кесек образдарды түзеді: Иса Тұран Шах, Хуан пірәдар, Людвиг ІХ, Аға Шахин. Жазушы идеясы соны тіл байлығымен кейіпкердің ішкі жан дүниесіне терең бойлайды; тарихи болмысымен беттестіреді. Әрқайсысының, әсіресе бас қаһарманның салмақты ой салатын әсерлі тұстары мол. «Әкем айтып отыратын, шаңырақ деген өзім, уық деген балаларым, кереге шешелерің», сынды лепестермен - қазақы ғұрыптың ұстаным психологиясынан этникалық тектілікті іздеуі жазушыны Кейқауыс абызбен үндестіріп жатқандай. «Текті жердің ұлы едің, тепкіге түсіп өлме, жарқыным», - деген Бейбарс бабаның кредосы - бүгінгі исі қазақ оғландарының бойына рухани күш дарытатын құдіреті күшті нұрлы сөз. Екіншіден, адамдар арасындағы тілдесу (диалогтар), қарым-қатынас мәдениетінен ішкі ойды тереңдетуге («қабырғаңмен кеңес») жол ашады. Үшіншіден, әр кейіпкер - сомдаушыға азық. Театр тілімен айтқанда актердің бағын ашады. Төртіншіден, спектакльді «көрген де арманда, көрмегенде арманда» десек те, Рахымжан Отарбаевтың шығармаларын оқыған кезде кейіпкерлерді оқырман өзіндік көкірек көзімен көреді. Осы орайда жазушының әр шығармасы, әңгімелері мен повестері сахнаға, экранға, теле және көркем фильмдердің қоржынын толтыратын дүниелер. Режиссерлардың «қармағына алтын балық».
      Рахымжан Отарбаевтың шығармалары астарлы да бейнелі сөздерге бай. «Жұлдыздың жаманы айды күндер»; (Фатима) «Басшың тырна болса тырумен - күнің өтер»; (Бек) «Жаушының мойны тұзақты сағынады»; «Құлынында кісінемеген ат болар, атасын көрмеген ұл жат болар». (Бейбарыс); «Қыпшақтан қатын алғанның бір ісі артық деседі ақ сәлдесіне оранған арабтар»; «Аяғы боқта, төбесі – көкте екен»; (Шейх) «Түрк билесе, түбімізге жетеді»; «Тақ жоқ жерде, ересен бақ та бұйырмайды»; «Үрей қуық, үргелек емес ең», - сынды еттен өтіп, сүйекке жететін мақал-мәтелдер таттан тазаланған күмістей жарқырайды. 
      Түрк рухы! Қазақ даласы! Ана дауысы! Жусан иісі! Қыпшақ! Намыс! Сағыныш! Бабалар Аманатының тамыршысы Рахымжан Қасымғалиұлының қаламынан тамған тарих, шежіре –сыр ерте замандардағы алып бәйтеректердің бұтағын құрғатпай туған жеріне қайта еккендей. Еккенін мәуелі баққа айналдыратын Жер-Ананың құнарлы өлкесіндей отты да шұрайлы тілмен жазылған туындыларын көркем сөз шеберлері еншілесе, қанжығасына олжа оралатыны күмән туғызбаса керек-ті. 
      «Сұлтан Бейбарс» драмасын негізі сонау ХІХ ғасырдың соңында қаланған қазақ жеріндегі алғашқы театрлардың бірі, М.Горький атын¬дағы академиялық орыс драма театрының сахналауы елді елең еткізген оқиға болды. Театр табиғаты – коллективтік өнер болғандықтан, К.С.Станиславский «...творчестволық коллектив сөзсіз ансамбльдікті қалайды...», -деген. Режиссер А.Кизилов, суретші Қ.Мақсұтов және гример, музыкант, композитор, декоратор, костюмер, актерлер қауымы - 18 кейіпкер мен көпшілік сахнадағы шапқыншылар, мәмлүктер, елшілер, тұтқындар, шабармандар, періштелер бәрі ансамбльдік бірлікте аянбай тер төккен. Мәтіннің орыс тіліндегі аудармасының сәтті шыққандығын айта кету орынды. 
       Бейбарсты Денис Анников ішкі жан дүниесімен сомдаған. Бейбарстың монологтарының әр жолы күрделі психологиялық «переходтармен» ұштаса біткен: -«Уау, кең дүние. Есігің мен үшін сағыныш болып ашылып еді. Сол сағыныш болып қайтадан жабылмаса қайтсін?! Жайық деген ұлы дариям бар еді. Қыпшақ деген іргетасы сетінемеген қалың елім бар еді. Сарайшықтай қалам бар еді, жұпар иісті жусанды далам бар еді. Қос бұрымы төгілген ару қызы қандай еді? Шараяқта бұрқыраған қымыз қандай еді?! Тасқа біткен қарағайдай қияқты азаматын айтсаңшы?! Кимешегі қарқарадай әжелерім аман ба? Ақсақалы кіндігіне түскен батагөй аталарым аман ба? Ей, қарлығаш қанат үшбу хат, елге сен айта бар, Бейбарыстың кеудесін сағыныш меңдеді дерсің. Сол сағынышымды басар бір түп жусан беріп жіберсін дерсің»..., сынды жан тебрентер сәттерімен есте қалады. Актер сахна терминдерімен айтсақ, «приспособление», «наигрыш», «штамповка» сияқты артық харакеттерден ада. Бірінші актінің бірінші көрінісіндегі жат елде, құлдыққа сатылған кезі оймақтай жарық түсу арқылы алыста қалған туған жеріндегі ата-анасының атастырып қойған қыз бала - Айсарамен тілдесу сахнасы, жусанды иіскеуі, майдан даласында тоқым жастанып жатқанғы түс көруі, екінші актінің екінші көрінісіндегі киіз үй құру кезі, екінші актінің үшінші көрінісінде анасын еске алу сахнасы, өзіне жасалатын қастандықты түс – аянмен сезіп білуі, періштелер әлемімен байланысты психологиялық-эмоциалды ауыспалы кезеңдер арқылы Бейбарыс- Денис Анников сан қырлы толғанысты сәттердің парқына жете білді. Бейбарыс – Анниковтің көзінде – ой, көкірегінде - сағыныш, қимыл-қозғалысында – мәдениет, жағымды дауыс мәнері бар. 
      Ал, күңгірт сахна ашылғанда Кіші Азиядағы Сиуас қаласының құл базарындағы сапырылыс көріністе, екі қолын ысқылап қасапшыдай жалаңдаған итальян саудагері (артист Виктор Житков) қол-аяғындағы кісендерімен бір-біріне жалғаса байланған, қалжыраған құлдарды сұңқылдай сұрыптап жүр. Жүрісі ширақ. Құлдарды Дон бойынан, Карпаттан, Хиндустаннан, Күрдстаннан, Арараттан әкелінгенін оң және сол қанатқа сап түзеуін бұйырып, Қазақ даласынан ұсталған қыпшақтарға назар аудартады. Кісендері салдыраған екі бала. Құл сатып алушылар балаларды місе тұтпай, ересек қыпшақтарды сұрайды. Мейманасы тасыған, беті бүлк етпес Саудагер ересек қыпшақтардың кемеде көтеріліс жасағанын, оларды кісенімен теңізге лақтырылып, акулалардың жемі болса да, жалынып-жалбарынғанына таң. «Дайын құлдықтан гөрі өлімді артық көретін неткен намысшыл халық», - деп таң қалады саудагер. Қысқа да болса нұсқа. Итальян саудагері – Виктор Житков «әп!» дегеннен сахнаға жан кіргізген актер. 
      Иса Тұран Шах – Николай Макаровтың сомдауында «көйлегі көк, тамағы тоқ» рахат өмірдің құлы. Сарай сұлуларының биін тамашалап, сөз тасушылардың ақпараты арқылы еткен харекетінің нәтижесінде құлдырап, жоғалатын Шах. К.С.Станиславский ілімінде әрекет арқылы талдау тәсілі бар. Ол оқиғалар легі. Драматург Рахымжан Отарбаев аталмыш талдау тәсілін асқан шеберлікпен берген. Автор текстің ішкі себебін ашатын басты қақтығыс – шығарманың көркемдік қисыны мен сабақтастық желісін дамытуға көмектесетін, мазмұн-мағнасына жауап бере алатын жеке-дара (Иса Тұран Шах пен Бейбарс Шах) образдардың әрекет арқауына әдіптеген. 
      Хуан пірадар – Владимир Иваненко. Иса Тұран шахтың уәзірі -өте айлалы, қу, екіжүзді. «Тісі ақсиған көкбөрі – Бейбарыстың» айбарынан сескенген, дидарынан именген, ішінен қан өтіп келген Хуан өз ойын іске асыру үшін қандай да әрекетке, қылмысқа дайын. Шахтың алдында еңкеймек түгіл, төрт аяқтап жорғалауға да барады. Төртінші көріністе Бейбарысты улап өлтірмек ниеті жүзеге аспай, әшкереленетін сахнасындағы Бейбарыс пен Хуанның диалогы арқылы драматург көпшілікке ой тастайды. Хуан: Тақ пен сор бірге туған. Сорды бақпен шатастырма, әміршім. Менікі – қызылкөз қызғаныш, әміршім. Ал, сіз айналаңызда қандай дерттілердің жүргенін білесіз бе?, - дейді. Сөз саптаудағы дауыс интонациясы, үн иірімдері, Шахтың қас-қабағына барлау жасап барып өз ойын сабақтап жеткізуі өмірден көрген түйгендері мол, өте тәжірибелі актер екендігін бірден байқатады. 
      Ана – Зинаида Абаназиди. Пъесада, бала кезінен қанмен бітетін дүниедегі ұлықтық пен киені Анасының лепесімен танып, есейгенде де санасында сағыныш сарынымен сақталған осы бір аяулы жанды еске алған кезі – Бейбарыстың анасының рухымен тілдесу сәті бірден-бір шынайы да жан тебрентерлік көрініс: 
Анасы: - (балаға ұмтылып) Қайда жүрсің, Барысым-ау? Іздемеген жерім қалмады. Суға түсіп кетті ме деп, иманым ұшты ғой.
Бала: Садақ тартып ойнадым. Құс қарадым, аң қақтым.
Анасы: - Жайық жағаладым де. Жайық деген ұлы дария, онымен ойнама балам. Мұнда бекіре деген балық өседі. Қасиетті. Толқын бетінде қызғыш құс ұшып жүр. Ән, әне көрдің бе.
Бала: Көрдім.
Анасы: - Ол да киелі.
Бала: -Ту-у, бәрі қасиетті екен.
Анасы: -Туған жерде бәрі де қасиетті ұлым. Жайықтың даласында жусан деген сағыныштың шөбі өседі.
Бала: Жусан. Оны неге қасиетті дейді?
Анасы: -Өйткені, оны сағынған жан иіскесе ғана жұпар шашады.
Бала: Ғажап. Мен де сағынып келіп иіскесем жұпар шаша ма?
Анасы: - (ойланып қалып) Ұзақ сағынғаннан сақтасын, тәңірім. Құса боласың құлыным. (Сахна айналып, бала мен ана ғайып болады).
Ақ кимешегі желеңдеп, қасиет пен кие туған жерде деп, жаны тебіренген Зинаида Абаназиди, қазақ әйелінің табиғи болмысына терең бойлаған екен. Қазақ сахна өнерінде Сәбира Майқанова сомдаған Ана (Ш.Айтматовтың «Ана –Жер –Ана» драмасындағы Толғанай Ана) көзден кетсе де көңілден өшпейтін дүние. Жарықтық Сәбира апамызды ойға оралтып отырған актрисаның сахнасын осы спектакльдегі бірден бір сүбелі көрінісі деп айту орынды.

      Қалауын – Роман Чехонадский. Қалауын Мәмлүк мемлекетінің әйгілі сұлтандарының бірі ретінде танымал болған тұлға. Бейбарыстың ұлдарын ескі жасақтың белді әмірлері тақтан тайдырған соң мемлекет билігін он жыл жүргізген. «Араб елінің мәмлүктен шеккен залалы жоқ. Айыбы – найзаға тұщы етін, қылышқа талша мойын, дойырға жон арқасын төседі», - дейді бір сөзінде Қалауын. Өзінен кейін сұлтан тағын мұрагерлік жолмен қалыптастырған. Қалауынның ұрпақтары Мәмлүк мемлекетінде 103 жыл билікте болған. Роман Чехонадский Қалауынды Бейбарыстың жақтасы, әділ, қоғамда өз үні бар уәзір, жағымды кейіпкер ретінде таныта білді. Сондай-ақ, «барға қанағатшыл, көпке қамқор, аяулы адам», сарайда тақ таласы кезінде жеребе тастап, өзі тақтан бас тартқан -Аға Шахинды - Денис Сираев жақсы сомдады. Айналасындағы ситуацияларды жіті көзбен бақылап, «Құлан өліп, құрбақа дәуірлеген екен», - деп ой қорытады Аға Шаһин. 
Тәңірберді – Александр Корженко, Шаджар – Анастасия Воронцова, Тәжі Бақыт – Ульяна Захарченко, Құтіз – Болат Кирибаевтардың әрқайсысы өз ісінің шеберлері деуге толық сыяды. Таққа талас басталарда «Мәмлүктер – мемлекеттің айбары. Тақтың дидарына айбары жарасса кемдік етпес», - деп саңқ еткен Құтыз-Болат өз ұстанымы берік, баһадүр болмысымен назар аудартты.
      Рахымжан Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарыс» пъесасы тарихи һәм психологиялық - эзотерикалық тылсым сырынан қашықтамаған қазақы дүниетанымды, қазақ халқын табиғи болмысымен қадірлететін күрделі туынды. М.Горький атындағы орыс театры актерларының труппасы драматургтың айтар ойын адал еңбекпен, маңдай термен, сахна өнеріне адалдықты мақсұт тұтатын актерлік шеберлікпен еңсере білді. Өнердің құдіреті де осында! 
      Бір емес, бірнеше елдердің тарихында ізі қалған дара тұлға «бөтенге мойынсұндырмаған, жоққа жасытпаған – Үміт» арқалаған Сұлтан Бейбарысты қаламның күшімен халқымен табыстырған драматург Рахымжан Отарбаев пен өнер арқылы халқымен жүздестірген Еркін Қасенов басқарып отырған М.Горький атындағы театр ұжымының мерейі үстем болғай! 

Сымбат Мүталапхан, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, ғылыми қызметкер.
Категория: Мои статьи | Добавил: Aisha (13.11.2012)
Просмотров: 6569 | Комментарии: 2 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]